Дзюдо
- Жетекшілер
- Қалымбеков Е. Қ.
- Өтетін орны
- А01 блогы, 3-қабат, жекпе-жек залы
- Сабақ кестесі
- Күн сайын, 18:30-21:00
- Қатысушылар
- 60
Дзюдо тарихы
Дзюдоның пайда болған жылы ретінде 1882 жыл есептеледі. 1951 жылы Халықаралық дзюдо федерациясы құрылды. 1952 жылы Гаванада дзюдодан алғашқы Панамерика чемпионаты өтті. 1956 жылы Токиода дзюдодан алғашқы әлем чемпионаты ұйымдастырылды. Жарыс салмақ дәрежелеріне бөлінбей өткізілді және оған 21 елдің өкілдері қатысты. Ерлер арасындағы дзюдо жарыстары жазғы Олимпиада ойындарының бағдарламасына алғаш рет Токиода енгізілді. 1980 жылы әйелдер арасындағы алғашқы әлем чемпионаты өтті. 1988 жылы Сеулде дзюдо алғаш рет Паралимпиада ойындарының бағдарламасына енгізілді.
Дзюдо ережелері
Дзюдо — жағдайға бейімделуді, күрделі үйлесімділікті, жылдамдық пен күшті талап ететін ациклдік спорттық жекпе-жек түрі. Оның мәні — екі дзюдошының жарыс қағидаларын қатаң сақтай отырып, түрегеп күресу тәсілдерімен (лақтырулар) немесе жатып күресу тәсілдерімен (ауырту әдістері, қылқындыру әдістері, ұстап тұру) жеңіске жетуге ұмтылуы.
Қазақстандағы дзюдо
1993 жылы Қазақстан дзюдо федерациясы Азия дзюдо одағының құрамына еніп, Қазақстанда және жалпы Азияда дзюдоның дамуының жаңа кезеңін бастады. Тәуелсіздік жылдарында қазақстандық дзюдошылар жазғы Олимпиада ойындарына 6 рет, әлем чемпионатына 8 рет, Азия чемпионатына 18 рет және Азия ойындарына 6 рет қатысты. Жазғы Олимпиада ойындарында еліміздің дзюдошылары үш медаль жеңіп алды. 2008 жылы Бейжің Олимпиадасында Асхат Житкеев (100 кг) күміс медаль иеленді. 2016 жылы Рио-де-Жанейрода өткен жазғы Олимпиада ойындарында Елдос Сметов (60 кг) күміс, ал Галбадрах Отгонцэцэг (48 кг) қола медаль жеңіп алды.
