Мемлекеттік білім беру гранттарын өтеу
Грантты өтеу - бұл мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша білім алған түлектердің жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңының 47-бабының 17-тармағына сәйкес заңмен белгіленген мерзім ішінде міндетті еңбек қызметін атқаруы. 2021 жылдан бастап мемлекеттік білім беру гранты есебінен білім алған бакалавриат, магистратура және докторантура түлектері алған мамандығы бойынша кемінде 3 (үш) жыл жұмыс істеуге міндетті. Бұл ретте өтеуді меншік нысанына қарамастан кез келген ұйымда өтуге рұқсат етіледі. Сондай-ақ, мемлекеттің оқуға жұмсаған шығындарын нақты оқу кезеңіне пропорционалды түрде өтеу нормасы қарастырылған. Гранттан ақылы бөлімге ауысқан немесе керісінше, оқу барысында грант алған жағдайда, өтеу міндеттемесі мемлекеттік қаражат есебінен оқыған уақытқа пропорционалды түрде анықталады.
3 жыл
Мамандық бойынша өтеудің ең төменгі мерзімі.
2021 жылдан бастап
Грантта оқыған бакалавриат, магистратура және докторантура үшін қолданылады.
47-бап, 17-тармақ
Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы.
Жиі қойылатын сұрақтар
Грант бойынша оқыған түлекке мамандығы бойынша жұмысқа орналасу үшін қанша уақыт беріледі?
Өтеуге жолдаманы жоғары оқу орны құрған Түлектерді бөлу жөніндегі комиссия береді. Түлек оқу орнын бітірген жылдың 1 қыркүйегінен бастап жұмысқа кірісуі тиіс.
Мамандығы бойынша жұмысқа орналаспаған түлекке қандай жауапкершілік қарастырылған?
Өтеу міндеттемелерін орындамаған жағдайда түлек оқуға жұмсалған шығындарды мемлекетке өтеуге міндетті.
Мемлекеттік грантты өтеудің қажеті жоқ жағдайлар қандай?
Оқу ақысы толық төленген жағдайда, сондай-ақ келесі жағдайларда өтеу талап етілмейді:
- тұрғылықты жері, жұбайының жұмыс немесе қызмет орны бойынша мамандық бойынша бос орындар болмағанда
- I немесе II топтағы мүгедектік болғанда
- оқуды жалғастыру үшін магистратураға немесе докторантураға түскенде (және оны аяқтағаннан кейін)
- жүкті әйелдер үшін, сондай-ақ үш жасқа дейінгі баласы бар тұлғалар үшін (оның ішінде өз бетінше тәрбиелеп отырғандар)
- әскери қызметтің белгіленген мерзімін өткерген азаматтар үшін
FINCENTER bot — жедел ақпарат
Грантты өтеу туралы ақпаратты жедел алу үшін ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің FINCENTER Telegram-ботын пайдаланыңыз — онда өтеу және ҚР ҒЖБМ «Қаржы орталығы» АҚ бағдарламалары туралы барлық ақпарат жинақталған.
