«Жаңа Конституция – Әділ Қазақстанның негізі»: Қазақ ұлттық спорт университетінде дәріс-диалог өтті
2026 жылғы 11 мамырда Қазақ ұлттық спорт университетінде «Жаңа Конституция – Әділетті Қазақстанның негізі» тақырыбында дәріс-диалог форматындағы танымдық іс-шара өтті. Іс-шараны гуманитарлық ғылымдар магистрі, университеттің аға оқытушысы Смағұлов Дәурен Сайлаубайұлы өткізді.
Іс-шараның негізгі мақсаты – білім алушыларға Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының мазмұны мен негізгі қағидаттарын түсіндіру, құқықтық сана мен құқықтық мәдениетті қалыптастыру, сондай-ақ қоғам өміріндегі конституциялық құндылықтардың маңызын ашу болды.
Дәріс-диалог барысында Конституцияның мемлекет пен қоғам өміріндегі рөлі, оның құқықтық және идеологиялық маңызы жан-жақты талқыланды. Студенттерге Конституцияның мемлекеттік басқару жүйесіндегі, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғаудағы, заң үстемдігі қағидаты мен қоғамдық келісімнің маңызы туралы мазмұнды ақпарат ұсынылды.
Кездесу аясында Қазақстан Конституциясының дамуының тарихи кезеңдері егжей-тегжейлі қарастырылды. Атап айтқанда, 1993 жылғы алғашқы Конституция мен 1995 жылғы Конституцияның қабылдану ерекшеліктері, сондай-ақ жаңа редакциядағы өзгерістердің мемлекеттілікті нығайтудағы, қоғамды жаңғыртудағы және азаматтардың құқықтарын күшейтудегі маңызы түсіндірілді.
Дәріс барысында Дәурен Сайлаубайұлы Конституцияның тек құқықтық құжат қана емес, сонымен қатар ұлттық құндылықтарды, қоғамдық бірлікті және мемлекеттің дамуының стратегиялық бағытын көрсететін маңызды идеологиялық негіз екенін атап өтті. Сонымен қатар, студенттермен «Заң және Тәртіп» қағидаты, мемлекеттік тұтастық, азаматтық жауапкершілік және этносаралық келісім мәселелері бойынша ашық пікірталас ұйымдастырылды.
Дәріс-диалогтың интерактивті бөлімінде білім алушылар «Иә немесе Жоқ» ойынына және рефлексивті тапсырмаларға қатысып, Конституция туралы өз пікірлерін білдірді. Мұндай формат студенттердің құқықтық сауаттылығын арттыруға ғана емес, сонымен қатар сыни тұрғыдан ойлау, талдау және өз ұстанымын дәлелді түрде жеткізу дағдыларын дамытуға ықпал етті.
Іс-шара соңында қатысушылар Қазақстан Республикасының Конституциясы еліміздің тәуелсіздігі мен тұрақтылығының, заң үстемдігі мен азаматтық қоғамның дамуының басты кепілі екенін атап өтті.
