EMBA Sport Management қосдипломды бағдарламасы аясында профессор Frederic Dosquet-тің сапары өтті
Executive MBA (EMBA) Sport Management қосдипломды бағдарламасы аясында Қазақ ұлттық спорт университетіне Франциядағы Eklore-Ed School of Management бизнес мектебінің профессоры Frederic Dosquet арнайы сапармен келді. 2026 жылғы 20–25 мамыр аралығында бағдарлама тыңдаушылары үшін магистрлік жобаларды әзірлеуге арналған дәрістер мен жеке консультациялар ұйымдастырылды. Сапардың маңызды іс-шараларының бірі «Sports Technology & Marketing» тақырыбындағы дәріс болды. Дәріс барысында спорт индустриясындағы цифрландырудың заманауи үрдістері, инновациялық технологиялар және маркетингтік құралдар жан-жақты қарастырылды.
Сапардың практикалық бөлігі Астана қаласындағы бағдарлама тыңдаушылары еңбек ететін жетекші спорт ұйымдары мен мекемелерінің базасында өтті. Атап айтқанда, Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы, Дене шынықтыру ғылыми-практикалық орталығы, MTEX Management, Sana Sport орталығы және «Жұлдыз» көркем гимнастика орталығы қамтылды. Кездесулер барысында тыңдаушылар өздерінің кәсіби қызметінің нәтижелерін таныстырып, оқу барысында меңгерген білімдері мен басқарушылық тәсілдерді спорт саласындағы өзекті мәселелерді шешуде қалай қолданатынын көрсетті.
Сондай-ақ магистрлік жобалар мен бизнес-зерттеулерді талқылауға ерекше назар аударылды. Профессор Frederic Dosquet ұсынылған жұмыстарға сараптамалық талдау жүргізіп, зерттеу әдістемесін жетілдіру және жобаларды одан әрі дамыту бойынша ұсынымдар берді. Өткізілген іс-шаралар академиялық дайындық пен кәсіби тәжірибе арасындағы байланысты нығайтуға, сондай-ақ спорт менеджменті саласындағы халықаралық тәжірибе алмасуға мүмкіндік берді.
