Негізгі мазмұнға өту
Жаңалықтар

Қазақ ұлттық спорт университетінде V Ректорлар мектебі өтіп жатыр

Барлық жаңалықтар

Қазақ ұлттық спорт университетінің базасында «Болашақ университеті – 2026–2030» тақырыбында V Ректорлар мектебі өтіп жатыр. Республикалық іс-шараға Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттары, Ғылым және жоғары білім министрлігінің өкілдері, отандық және шетелдік жоғары оқу орындарының ректорлары мен проректорлары, бизнес өкілдері және халықаралық сарапшылар қатысуда.

Ректорлар мектебінің басты мақсаты – жоғары оқу орындарын дамытудың стратегиялық бағыттарын айқындау, тиімді басқару тетіктерін жетілдіру, цифрлық трансформация мен жасанды интеллект технологияларын енгізу, сондай-ақ халықаралық әріптестікті кеңейту бойынша нақты шешімдер әзірлеу.

Бағдарлама аясында «Университет – 2030»: стратегиялық даму және трансформация, жасанды интеллект және цифрлық технологиялар, заманауи көшбасшылық пен басқару мәдениеті, университет, бизнес және мемлекет арасындағы әріптестік (Triple Helix), ғылымды коммерцияландыру мен инновациялар, сондай-ақ білім беру ұйымдарының жаңа модельдері секілді өзекті бағыттар қамтылған.

Іс-шара барысында халықаралық сарапшылардың баяндамалары, басқарушылық тәжірибелердің таныстырылымы, панельдік пікірталастар мен стратегиялық практикумдар ұйымдастырылуда. Сонымен қатар қатысушылар университеттерді дамытудың алғашқы 100 күніне арналған нақты іс-қимыл жоспарларын әзірлейді.

Қазақ ұлттық спорт университеті үшін осындай ауқымды республикалық іс-шараны өткізу алаңына айналу – үлкен мәртебе. Бұл академиялық қоғамдастық, мемлекет және бизнес өкілдері арасында тәжірибе алмасуға, жаңа бастамалар мен стратегиялық әріптестіктер қалыптастыруға, сондай-ақ еліміздің жоғары білім беру жүйесін дамытуға бағытталған ортақ шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді.