Қазақ ұлттық спорт университетінде университеттің алғашқы түлектеріне диплом тапсырудың салтанатты рәсімі өтті
Биыл университетті 600-ге жуық түлек тәмамдады. Олардың 300-ден астамы мемлекеттік білім беру гранты негізінде, ал 100-ден астам студент Қазақ ұлттық спорт университеті құрылтайшысының гранты бойынша білім алды. Бұл көрсеткіштер студенттердің қажырлы еңбегінің, білімге деген ұмтылысының және университеттегі білім беру сапасының жоғары деңгейінің айқын дәлелі.
Түлектерді маңызды белеспен Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов құттықтап, сапалы білім алудың маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар, ата-аналарға жас мамандарды тәрбиелеп, қолдау көрсеткені үшін алғысын білдіріп, түлектерге алдағы өмір жолында толағай табыстар тіледі.
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек құттықтау сөз сөйлеп, түлектерге кәсіби жетістіктер, жаңа мүмкіндіктер мен үлкен белестер тіледі.
Қазақ ұлттық спорт университетінің құрылтайшысы Нұрасыл Медеу түлектерге ақжарма тілегін арнаса, университет ректоры Тұрсынзада Қуанғалиева жас мамандарды оқуын сәтті аяқтауымен құттықтады.
Салтанатты рәсімнің құрметті қонақтары қатарында Халықаралық киберспорт федерациясының (IESF) президенті Влад Маринеску, Халықаралық үстел теннисі федерациясының (ITTF) президенті Петра Сёрлинг, қоғам қайраткері Әлихан Байменов, сондай-ақ республикалық және халықаралық спорт ұйымдарының өкілдері болып, түлектерге дипломдарды салтанатты түрде табыстау рәсіміне қатысты.
Айта кеткен жөн, салтанатты рәсімде бакалавриат түлектерімен қатар, оқу бағдарламасын табысты аяқтап, кәсіби даярлығының жоғары деңгейін дәлелдеген магистратура түлектеріне де дипломдар табысталды.
Салтанатты рәсім ауқымды шоу бағдарламасымен жалғасты. Диплом тапсыру рәсімінен кейін мерекелік концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, онда Дастан Оразбеков, Қазыбек Құрайыш, Bayansulu және Қайрат Нұртас сынды танымал эстрада жұлдыздары өнер көрсетті. Кештің шарықтау шегі әсерлі дрондар шоуы мен мерекелік отшашуға ұласып, университеттің алғашқы түлектері үшін есте қаларлық ерекше кешке айналды.
Қазақ ұлттық спорт университетінің алғашқы түлектерін айтулы оқиғамен шын жүректен құттықтаймыз! Университет қабырғасында алған білімдеріңіз кәсіби табыстың берік іргетасына айналып, жаңа белестер мен жарқын жетістіктерге жол ашсын! Ақ жол!
