KNUS-та жасанды интеллектіні білім беру үдерісінде қолдану мәселелері талқыланды
Қазақ ұлттық спорт университетінде BilimUpSkill компаниясының өкілдерімен ChatGPT Edu білім беру платформасының мүмкіндіктеріне арналған кездесу өтті. Кездесуге Ақпараттық технологиялар департаменті бастамашы болды. Қатысушыларға жасанды интеллектінің негізгі құралдары және оларды білім беру мен ғылыми-зерттеу қызметінде қолдану жолдары таныстырылды. Оқу материалдарын дайындау, сабақ жоспарлары мен тапсырмаларды әзірлеу, ақпаратты талдау және әртүрлі тілде контент жасау мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды.
Компания өкілдері деректерді қорғау қағидаттары мен платформаны білім беру ұйымдарында қауіпсіз пайдалану ерекшеліктері туралы да баяндады. Кездесу барысында жасанды интеллект құралдарының оқытушылардың күнделікті жұмысын жеңілдету, оқу үдерісінің тиімділігін арттыру және білім мен ғылымды дамытуға қосымша мүмкіндік беру жолдары талқыланды.
