ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК РӘМІЗДЕР КҮНІНЕ ОРАЙ ИНТЕЛЛЕКТУАЛДЫҚ QUIZ ОЙЫНЫ ӨТТІ
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне орай Қазақ ұлттық спорт университетінде білім алушылар арасында интеллектуалдық «Quiz» ойыны ұйымдастырылды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – студенттердің мемлекеттік рәміздерге деген құрметін арттыру, тарихи санасын қалыптастыру, азаматтық жауапкершілік пен патриоттық құндылықтарды дәріптеу болды.
Зияткерлік сайысқа университеттің түрлі білім беру бағдарламаларында білім алып жүрген студенттерден құралған 6 команда қатысты. Қатысушылар бірнеше кезең бойынша өзара бақ сынасып, логикалық ойлау қабілеттері мен білім деңгейлерін көрсетті.
Ойын барысында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы, Елтаңбасы мен Әнұранының тарихы мен маңызына, олардың авторларына, еліміздің конституциялық дамуына, Қазақстан Республикасының Конституциясына, мемлекет тарихына, ұлттық құндылықтарға, сондай-ақ қазақстандық спорт тарихы мен халықаралық ареналарда ел намысын қорғаған спортшылардың жетістіктеріне қатысты сұрақтар қойылды.
Қызықты әрі тартысты өткен сайыс студенттердің танымдық белсенділігін арттырып қана қоймай, олардың командалық жұмыс дағдыларын дамытуға және өзара тәжірибе алмасуына мүмкіндік берді.
Сайыс қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен командалар анықталып, жеңімпаздар университеттің брендтік өнімдерімен, арнайы сыйлықтарымен және естелік атрибутикасымен марапатталды.
Осындай тәрбиелік маңызы зор іс-шаралар жастардың бойында отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастырып, мемлекеттік рәміздерге деген құрметті нығайтуға, ел тарихы мен құндылықтарын тереңірек тануға ықпал етеді.
