Шахмат – жаңа ұрпақтың зияткерлік әлеуетін дамытудың тиімді құралы
Алматы қаласында «Білім беру жүйесіндегі шахмат» атты IV халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Халықаралық жиынға шетелдік сарапшылар, білім беру саласының өкілдері, шахмат қауымдастығы мен спорт ұйымдарының мамандары қатысып, шахматты білім беру жүйесіне енгізудің өзекті мәселелерін талқылады.
Конференция жұмысына Қазақ ұлттық спорт университетінің ректоры Тұрсынзада Қуанғалиева қатысты. Ол «Шахматтың дамуына серпін беретін әйелдер» атты панельдік сессияда спикер ретінде сөз сөйлеп, «Балаларға шахмат үйрете алатын мыңдаған педагогті қалай даярлауға болады?» тақырыбындағы пікірталасқа модераторлық етті.
Екі панельдік сессияда шахмат мәдениетін дамытуға қатысты маңызды мәселелер көтерілді. Атап айтқанда, әйелдердің зияткерлік спортты дамытуға қосатын үлесін арттыру, кәсіби педагогтер қауымдастығын қалыптастыру және шахматты жалпы білім беретін мектептердің оқу үдерісіне жүйелі түрде енгізу мәселелері талқыланды.
Қатысушылар шахматтың балалардың танымдық қабілеттерін, логикалық және сыни ойлау дағдыларын, математикалық сауаттылығын дамытудағы маңызына ерекше тоқталды. Сонымен қатар білім беру үдерісіне заманауи цифрлық технологияларды енгізу мәселелері де назардан тыс қалмады.
Конференцияға халықаралық деңгейдегі бірқатар сарапшы қатысты.
Олардың қатарында ФИДЕ-нің «Білім беру жүйесіндегі шахмат» комиссиясының мүшесі Anzel Laubscher, Вебстер университетінің шақырылған қауымдастырылған профессоры Dr. Jonathon Quest, Сирия шахмат федерациясының президенті әрі ФИДЕ-нің шахматты білім беру саласында оқыту жөніндегі лекторы Ali Abbas, Каталония шахмат федерациясының президенті Ramon Chalmeta Ugas және басқа да шетелдік мамандар бар.
Халықаралық конференция Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасына сәйкес Үкімет бекіткен 2023–2027 жылдарға арналған Қазақстан Республикасында шахматты дамыту жөніндегі кешенді жоспар аясында ұйымдастырылды. Жиынның негізгі мақсаты – мектептердегі шахмат қозғалысын кеңейту, педагогтердің әдістемелік даярлығын жетілдіру және шахматты еліміздің білім беру жүйесіне кезең-кезеңімен енгізу.
KNUS ректорының халықаралық сарапшылар алаңындағы бұл кездесуге қатысуы университеттің зияткерлік спортты дамытуға, білім мен спорт салалары арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға және заманауи білім беру тәсілдерін ілгерілетуге бағытталған жұмысының маңызын айқындайды.
