Негізгі мазмұнға өту
Жаңалықтар

«Болашақ ойындары – 2026» аясында KNUS университетіне Потанин қорының жетекшісі келді

Барлық жаңалықтар

«Болашақ ойындары – 2026» халықаралық мультиспорттық турнирі аясында Қазақ ұлттық спорт университетіне Ресей халықаралық олимпиадалық университетінің экс-ректоры, Потанин қорының жетекшісі, профессор Лев Белоусов арнайы келді.

Іс сапар турнирдің мәдени-білім беру бағдарламасы аясында өтті. Қонаққа университеттің жоғары білікті спортшыларды, жаттықтырушыларды және спорт пен туризм саласының мамандарын даярлаудағы мүмкіндіктері таныстырылды. Сонымен қатар спорт ғылымын дамыту, білім беру үдерісіне заманауи технологияларды енгізу және спортшыларды даярлау тиімділігін арттыруға бағытталған ғылыми зерттеулерге ерекше назар аударылды.

Делегацияға университеттің ғылыми орталықтарының экожүйесі мен KNUS ғалымдарының спорт ғылымы саласындағы бірегей әзірлемелері таныстырылды. Атап айтқанда, спортшылардың функционалдық және физикалық көрсеткіштерін бағалау, әртүрлі жаттығуларды орындау кезіндегі қимыл биомеханикасын талдау, сондай-ақ жаттығу процесінің тиімділігін арттыруға арналған заманауи технологиялық шешімдер көрсетілді.

Лев Белоусовтың сапары Қазақ ұлттық спорт университетінің білім, инновация, спорт ғылымы және халықаралық ынтымақтастықты ұштастыратын заманауи білім беру және ғылыми орталық ретіндегі халықаралық беделінің артып келе жатқанын тағы бір мәрте айқындады.

Айта кетерлігі, Лев Белоусов Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде ашылған «Афинадан Астанаға дейін. Владимир Потанин коллекциясындағы олимпиада жәдігерлері» көрмесін ұйымдастырушылардың бірі болып табылады. Көрме қазіргі заманғы алғашқы Олимпиада ойындарының 130 жылдығына орай ұйымдастырылып, фиджитал спорт бойынша халықаралық турнирдің мәдени бағдарламасының маңызды бөлігіне айналды.

Көрме 2026 жылдың 30 қыркүйегіне дейін келушілер үшін ашық болады. Спортты, тарихты және олимпиадалық қозғалысты бағалайтын барша жұртшылықты әлемдік спорт мұрасымен жақынырақ танысуға мүмкіндік беретін бірегей көрмені тамашалауға шақырамыз.

«Болашақ ойындары – 2026» аясында KNUS университетіне Потанин қорының жетекшісі келді | KNUS