Негізгі мазмұнға өту
Гранттар

Қазақ ұлттық спорт университетінде Құрылтайшы грантының иегерлері анықталды

Барлық жаңалықтар

Қазақ ұлттық спорт университетінде Құрылтайшы грантын тағайындау бойынша конкурстық іріктеу қорытындыланды.

Конкурстық комиссияның шешімімен спорт саласында кәсіби дамуға жоғары әлеуеті мен ынтасын көрсеткен 10 талапкер Құрылтайшы грантының иегері атанды. Құрылтайшы гранты – университеттің адами капиталды дамытуға және шалғай өңірлерден шыққан дарынды жастарды қолдауға бағытталған маңызды бастамаларының бірі. Бағдарлама университет құрылған күннен бастап жүзеге асырылып келеді және Life Chance Grant пен Merit Grant атты екі бағытты қамтиды.

Биыл Life Chance Grant әлеуметтік гранты 10 талапкерге табысталды. Бұл грант ауылдық елді мекендерден шыққан дарынды түлектерге сапалы жоғары білім алуға және өз әлеуетін толық іске асыруға мүмкіндік береді.

Үміткерлерді іріктеу конкурстық негізде өтті. Комиссия талапкерлердің академиялық жетістіктері мен қабылдау емтихандарының нәтижелерімен қатар, көшбасшылық қабілетін, уәждемесін, спорт саласында кәсіби тұрғыда дамуға деген ұмтылысын және ел спортының дамуына үлес қосу әлеуетін жан-жақты бағалады.

Life Chance Grant оқу ақысын толық өтеуді ғана емес, университет кампусында тұру мүмкіндігін, ай сайын 100 000 теңге көлемінде шәкіртақы төлеуді, сондай-ақ үш жыл бойы жеке менторлардың сүйемелдеуін қарастырады. Тәлімгерлер студенттердің академиялық, кәсіби және тұлғалық дамуына бағыт-бағдар беріп, олардың болашақ мансабын қалыптастыруға қолдау көрсетеді.

Сонымен қатар, үшінші оқу жылында грант иегерлері академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында шетелде бір семестр білім алу мүмкіндігіне ие болады. Мұндай кешенді қолдау студенттердің жеке білім беру траекториясын қалыптастыруына, халықаралық жобаларға қатысуына, кәсіби құзыреттерін дамытуына және еңбек нарығында бәсекеге қабілетті маман болып қалыптасуына жол ашады.

Университеттің мәліметінше, Құрылтайшы гранты – дарынды жастардың әлеуетін дамытуға бағытталған ұзақ мерзімді инвестиция. Бағдарлама болашақта Қазақстанның спорт саласын дамытатын жаңа буын кәсіби мамандар мен көшбасшыларды даярлауға ықпал етеді.