ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ СПОРТ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ PLAY TRUE DAY 2026 ФОРУМЫ ӨТТІ
ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ СПОРТ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ PLAY TRUE DAY 2026 ФОРУМЫ ӨТТІ
Қазақ ұлттық спорт университетінде Play True Day 2026 халықаралық бастамасының аясында Executive MBA (EMBA) «Sport Management» бағдарламасының түлектеріне диплом табыстау салтанатты іс-шарасы өтті. Іс-шара Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылды.
Іс-шараға Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің, Ұлттық Олимпиадалық комитеттің, Дүниежүзілік допингке қарсы агенттіктің (WADA), Орталық Азия өңірлік допингке қарсы ұйымының (RADOCA) өкілдері, спорт федерациялары, университеттің серіктестері, сондай-ақ EMBA бағдарламасының түлектері қатысты.
Бағдарлама аясында QazNADO Ұлттық допингке қарсы ұйымының басшысы М.К. Бакашева «Антидопинг: адал спорт қағидаттары» тақырыбында воркшоп өткізді.
Сонымен қатар «Elite Standards: Real Madrid тәжірибесі және спорт саласында мықты кәсіби мамандарды қалыптастыратын қағидаттар» атты мастер-класс өтті. Спикер ретінде Real Madrid Graduate School “Sports Marketing” магистрі А. Бунеску сөз сөйледі. Іс-шара қорытындысы бойынша 40-тан астам қатысушы воркшоптарға қатысқаны туралы сертификат алды.
EMBA түлектеріне дипломдарды салтанатты түрде табыстау Play True Day 2026 циклының символикалық қорытындысына айналып, қазіргі спорт саласын дамытудың негізгі бағыттарын біріктірді: адал ойын және спорттық этика қағидаттары, білім мен спорт философиясы, спорттық менеджмент, сондай-ақ инновациялар мен спорттың болашағы.
Іс-шара WADA президенті Витольд Баньканың адал спорт пен fair play қағидаттарының маңызын атап өткен онлайн құттықтау сөзімен түйінделді. Іс-шараның өткізілуі спорт саласындағы білім беру бастамалары мен халықаралық стандарттарды интеграциялаудың маңыздылығын айқындап, кәсіби өзара іс-қимыл алаңына айналды.
