Негізгі мазмұнға өту
Жаңалықтар

FIBA президенті KNUS-қа келді: Қазақстанда баскетболды дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашылмақ

Барлық жаңалықтар

Қазақ ұлттық спорт университетіне Халықаралық баскетбол федерациясының (FIBA) Президенті, мәртебелі Шейх Сауд Али Аль Тани арнайы сапармен келді. Сапар халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға және Қазақстанда баскетболды одан әрі дамытуға бағытталған маңызды қадам болды.

Делегация құрамында Қазақстан Республикасы Ұлттық баскетбол федерациясының Президенті Абай Алпамысов, Бірінші вице-президенті Алмаз Узаков, FIBA аға менеджері Наталья Галкина, сондай-ақ Катардың Қазақстандағы Елшісі Абдулла Хусейн Джабер болды.

Сапар барысында Қазақ ұлттық спорт университетінің ректоры Тұрсынзада Қуанғалиевамен кездесу өтті. Тараптар Қазақстанда баскетболды дамыту перспективаларын, спорт саласына білікті кадрлар даярлау жүйесін жетілдіруді, студенттік және кәсіби баскетболды дамытуды, бірлескен білім беру және спорттық жобаларды іске асыруды, сондай-ақ халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуді талқылады.

Университетте студенттер мен спорт саласының болашақ мамандарына жасалған жағдайларға жоғары баға берген FIBA Президенті Қазақстанның баскетболды дамытудағы әлеуетіне ерекше тоқталды.

«Қазақ ұлттық спорт университетінде студенттер үшін өте жақсы жағдайлар жасалған. Олар шын мәнінде бақытты жандар. Қазақстан баскетболды одан әрі дамыту үшін әлеуеті зор ел. Біз студенттік және кәсіби баскетболды дамыту бағытында тұрақты өзара іс-қимыл мен қолдауға дайынбыз», – деді FIBA Президенті Шейх Сауд Али Аль Тани.

Оның айтуынша, баскетболды дамыту үшін сапалы кадр даярлау жүйесі, мықты білім беру базасы және жас спортшылардың кәсіби өсуіне қажетті жағдайлар маңызды.

Әлемдік баскетболды дамытуға қосқан елеулі үлесі мен халықаралық спорттық ынтымақтастықты нығайтуға сіңірген еңбегін ескере отырып, Шейх Сауд Али Аль Таниға Қазақ ұлттық спорт университетінің Құрметті профессоры атағы берілді. Бұл мәртебе университет пен халықаралық баскетбол қауымдастығы арасындағы серіктестікті нығайта түсетін маңызды қадам болды.

Сапардың маңызды нәтижелерінің бірі - Қазақ ұлттық спорт университеті мен Қазақстан Республикасы Ұлттық баскетбол федерациясы арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылуы. Құжат білім, ғылым және спорт салаларындағы ұзақмерзімді серіктестікті дамытуға, білікті мамандар даярлауға, жас спортшыларды қолдауға, тәжірибе алмасуға және бірлескен жобаларды жүзеге асыруға бағытталған.Ынтымақтастық аясында студенттік және кәсіби баскетболды дамытуға, спорттық резерв даярлауға, халықаралық тәжірибені білім беру үдерісіне енгізуге және жас спортшылар үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастыруға ерекше мән беріледі.

FIBA Президентінің сапары KNUS пен Қазақстан баскетболы үшін маңызды оқиға болды. Бұл сапар халықаралық спорт қауымдастығының Қазақстанда баскетболды дамытуға деген қызығушылығы жоғары екенін көрсетті.KNUS алдағы уақытта да FIBA Asia және халықаралық спорт ұйымдарымен ынтымақтастықты нығайтып, білім, ғылым мен жоғары жетістіктер спортын тоғыстыра отырып, жаңа буын спортшылары мен спорт саласының білікті мамандарын даярлауға бағытталған жұмыстарды жалғастыра береді.

FIBA президенті KNUS-қа келді: Қазақстанда баскетболды дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашылмақ | KNUS