AI & Digital Bridge 2026: KNUS спорттың цифрлық болашағына бағытталған екі меморандумға қол қойды
Қазақ ұлттық спорт университеті спорт, ғылым, жасанды интеллект және цифрлық технологиялар тоғысындағы халықаралық және ұлттық серіктестіктер аясын кеңейтіп келеді. Оқу орны Орталық Азиядағы жасанды интеллект пен цифрлық технологияларға арналған ең ірі жыл сайынғы AI & Digital Bridge 2026 форумының алаңында бірден екі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Бүгінде спорт саласы технологиялық өзгерістердің жаңа кезеңін бастан өткеріп жатыр. Цифрлық шешімдер спортшының нәтижесін тіркеумен ғана шектелмей, оның қимыл-қозғалысын талдауға, жаттығу үдерісін модельдеуге, төрешілік жүйелерін жетілдіруге және жарыстардың жаңа форматтарын қалыптастыруға мүмкіндік береді. KNUS-тың жаңа серіктестік жобалары дәл осы перспективалы бағыттарды дамытуға негізделген.
Алғашқы меморандум Қазақстан Республикасының Цифрлық және AI-спорт ұлттық федерациясымен жасалды. Құжат аясында университеттің ғылыми, білім беру және спорттық әлеуетін Федерацияның технологиялық тәжірибесімен ұштастыру көзделеді.
Бірлескен жұмыстың негізгі бағыттарына цифрлық спортты дамыту, спорт ғылымындағы жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану, ғылыми зерттеулер жүргізу және заманауи технологияларды спорттық практикада сынақтан өткізу кіреді. Сондай-ақ бірлескен спорттық іс-шаралар мен онлайн-жарыстар ұйымдастыру, студенттердің тәжірибеден өтуіне жағдай жасау және цифрлық шешімдерді нақты ортада апробациялау жоспарланып отыр.
Қазақ ұлттық спорт университеті екінші меморандумды киберспорттық турнирлерді цифрлық технологиялар арқылы ұйымдастырып, сүйемелдейтін Shygys Gaming League ұйымымен жасасты. Бұл серіктестік IT-технологиялар мен киберспортты дамытуға, осы бағыттар бойынша білікті мамандар даярлауға және ғылыми-практикалық базаны қалыптастыруға бағытталады. Ынтымақтастықтың маңызды бағыттарының бірі – «Киберспорт» және «Спорттық аналитика» білім беру бағдарламаларын бірлесіп іске асыру. Сонымен қатар жаттықтырушылардың, оқытушылардың, ғылыми және әкімшілік қызметкерлердің біліктілігін арттыру және кәсіби қайта даярлау бағдарламаларын әзірлеу қарастырылған.
Тараптар сондай-ақ бірлескен ғылыми-зерттеу топтары мен зертханалар құруға, білім беру үдерісіне заманауи цифрлық шешімдерді енгізуге және IT мен киберспортқа негізделген спорт индустриясын басқарудың жаңа үлгілерін дамытуға ниетті.
Екі меморандум түрлі бағыттарды қамтығанымен, олардың ортақ мақсаты бір – спорттағы цифрлық трансформацияны жеделдету және технологияны білім, ғылым мен кәсіби даярлықтың нақты құралына айналдыру.
KNUS үшін бұл серіктестіктер студенттер мен оқытушыларға жаңа практикалық мүмкіндіктер ашып, зерттеушілердің заманауи технологиялармен жұмыс істеу аясын кеңейтеді. Университет осылайша спорт саласының болашағына қажетті жаңа құзыреттерді қалыптастыратын білім беру және ғылыми ортаны дамытуға басымдық беріп отыр. Жаңа келісімдерге дәл AI & Digital Bridge 2026 форумы алаңында қол қойылуы да маңызды. 1–3 қазан күндері Астанадағы EXPO халықаралық көрме орталығында өтіп жатқан форум технологиялық компанияларды, инвесторларды, зерттеушілерді, кәсіпкерлер мен мемлекеттік сектор өкілдерін бір алаңға біріктіріп отыр.
KNUS үшін AI & Digital Bridge 2026 технологиялық күн тәртібін талқылайтын алаң ғана емес, спорттың цифрлық экожүйесін қалыптастыруға бағытталған нақты серіктестіктерді іске қосатын орта.
