ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ СПОРТ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ НЕГІЗІН ҚАЛАУШЫ, ҚҰРЫЛТАЙШЫСЫ НҰРАСЫЛ МЕДЕУДІҢ ҮНДЕУІ
Қайырлы күн, қадірлі студенттер, ұстаздар қауымы, әріптестер мен қонақтар!
Бүгінгі күн КНУС тарихы үшін айтулы күн!
Осы 5 жыл ішінде біз өзінің дара жолы қалыптасқан, аты затына сай, үлкен жетістіктерге қол жеткізген мықты команда мен талантты студенттері бар университетті құрдық деп үлкен мақтанышпен айта аламыз!
2021 жылы біз Дене шынықтыру және бұқаралық спорт академиясын ашқан кезде, менің үлкен арманым - Қазақстанда әлемдік деңгейде спорт университетін құру еді. Бұл - жастар өз өнерлерін шыңдауға, халықаралық деңгейдегі сапалы білім алуға, ғылыммен айналысуға, үлкен спортта жетістікке жетуге жетелейтін білім ордасы болады деп жоспарладым.
Бүгін ұлттық спорт шаңырағында еліміздің тарихын жазып жатқан бес мыңға жуық студент білім алып жатыр.
Жетістіктеріміз өте көп, оны өздеріңіз де білесіздер.
Біріншіден, біз үлкен арманымызды шағын қадамдардан бастадық. Бұл 2021 жыл еді. Есілдің оң жағалауы және бізге сенім артқан 150 студент. Біздің алғашқы қадамымыз осылай басталды.
Екіншіден, біз жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру жүйесінде «Спорт» даярлау бағытын енгізуге бастамашы болып, оның іргетасын қаладық.
Үшіншіден, жаңа білім беру бағдарламаларын ашып, инновациялық және ғылыми жобаларды іске қостық.
Төртіншіден, халықаралық серіктестерімізбен бірлесіп, бірқатар маңызды жобаны жүзеге асырдық:
- Халықаралық киберспорт федерациясымен бірлесіп, «Киберспорт» білім беру бағдарламасын іске қостық және бірлескен киберспорт зертханасын аштық.
- Қытайдың Xinhua ақпарат агенттігімен ынтымақтастық аясында спорт журналистерін даярлауға бағытталған Sport Media Lab зертханасын аштық.
- Норвегиялық RITA жобасы аясында польшалық серіктестерімізбен бірлесіп, Құтқару спорты орталығын іске қостық.
- Дүниежүзілік допингке қарсы агенттікпен (WADA) бірлесіп, спорттағы көшбасшылық пен таза спорт қағидаттарын ілгерілетуге бағытталған Орталық Азия білім беру хабын құрдық.
- Халықаралық Олимпиада комитетімен бірлесіп, Олимпиадалық зерттеулер, білім беру және мұра орталығын аштық. Осылайша, Қазақстан Халықаралық Олимпиада комитетінің аталған халықаралық академиялық желісіне қосылған Орталық Азиядағы алғашқы мемлекет атанды.
- Венгрияның спорт ғылымдары университетімен бірлесіп, Спорттағы озық тәжірибе және орнықты даму орталығын аштық.
- БҰҰ-Әйелдер құрылымымен (UN Women) бірлесіп, спорт саласындағы әйелдерді қолдауға бағытталған Women in Sport Kazakhstan жобасын жүзеге асырып келеміз.
Бесіншіден, шетелдік жоғары оқу орындарымен қос дипломды білім беру бағдарламалары бойынша келісімдер жасастық. Соның ішінде Eclore Business School-мен ынтымақтастығымыз нақты нәтижесін беріп, 20 магистрантымыз қос диплом иегері атанды. Сонымен қатар, Швецияның SITE, Оңтүстік Кореяның Woosong University, Италияның Marconi University және Польшаның WSG университеттерімен тиісті келісімдерге қол қойылып, бірлескен бағдарламалар белсенді іске асырылу кезеңіне өтті.
Алтыншыдан, менің құрылтайшылық гранттарым - Life Chance Grant және Merit Grant - ауылдық өңірлерден шыққан дарынды жастарға сапалы білім алып, өз армандарына ұмтылуға жол ашты. Merit Grant оқу ақысын толық өтейді. Ал Life Chance Grant тегін білім алумен қатар, ай сайын мемлекеттік шәкіртақыдан екі есе көп мөлшерде төлеуді, тәлімгерлік қолдауды, жатақханада тұруды және шетелде білім алуды қаржыландыруды қамтиды.
Жетіншіден, 2026 жылы Жапонияда өткен Азия ойындарында Қазақстан намысын қорғаған 17 студентіміздің 14-і жүлделі орындарға ие болды!
Жетістіктеріміз тізбектей беруге болады.
Осы жылдар ішінде мен бір-бірінің жетістігіне шын жүректен қуанатын, студенттердің білімге деген ұмтылыстарын қолдайтын және жастардың әлеуетіне сенім артатын университет қалыптастыра алдым.
Университеттің негізін қалаған сәттен бастап мен оны дәл осындай - қуатты, ашық, өмірге құштар әрі болашағына нық сеніммен қарайтын білім ордасы ретінде көргім келді.
Баршаңызға белгілі, университет - тек ғимарат пен қабырғалар ғана емес. Университеттің шынайы құндылығы - оның білікті профессор-оқытушылар құрамында, бірегей білім беру бағдарламаларында, жүйелі ұйымдастырылған білім беру үдерісінде және нәтижелі тәрбие жұмысында. Мұның айқын дәлелі - Қазақстанда ғана емес, халықаралық деңгейде де жоғары нәтижелерге қол жеткізіп жүрген студенттеріміз деп айта аламын.
Менің көздеген мақсатым - әлемдік деңгейдегі білім беру кластерін құрып, студенттерге сапалы білім беру арқылы Қазақстанның өркендеуіне үлес қосу еді. Мен өз мақсатыма жеттім деп ойлаймын. Мен бүгін шын ниетпен КНУС университетін туған еліме сыйға тартамын. Мен үшін бұл үлкен мақтаныш.
Мен үшін бұл университетті ашқан кезде мықты команда құру, білім алуға лайықты жағдайлар, даму үшін мықты негіз жасау маңызды болды. Біз бірге оған қол жеткіздік!
Мен үшін Қазақстанның дамуына үлес қосу үлкен мақтаныш. Барлық жасаған еңбегіміз біздің еліміздің гүлденуі, жастардың өсіп-өркендеуі, спорттың дамуы үшін жасалып жатыр.
Құрметті студенттер! Университетімізде қазіргі таңда білім алып жатқан барлық студенттің алдындағы міндеттемелер толық көлемде сақталады. Бұл бұған дейін тағайындалған университетішілік гранттарға да қатысты. Аталған гранттарды қаржыландыруға қажетті қаражат университеттің есепшотында толық көлемде жинақталған. Студенттердің бүкіл оқу кезеңіндегі гранттарын өтеуге жеткілікті қаржыны мен жеке қаражатым есебінен енгіздім. Бұл міндеттемелер заң жүзінде тиісті тәртіппен бекітілетін болады. Профессор-оқытушылар құрамымыз өз қызметін жалғастырып, сіздерге білім беруді, кәсіби және тұлғалық дамуларыңызға қолдау көрсетуді әрі жаңа жетістіктеріңізге бірге қуануды жалғастырады.
Егер Қазақ ұлттық университетін кемеге теңер болсақ, мен оның негізін берік қалап, қандай сын-қатерге де төтеп бере алатын, қуатты әрі сенімді құрылым ретінде қалыптастырдым. Ортақ мұрат жолында топтасқан, кәсіби біліктілігі жоғары, дарынды әрі мақсат-мүддесі бір азаматтардан тұратын мықты ұжым жасақтап, солармен бірге бұл кемені ұзақ та ауқымды сапарға әзірледім.
Осы жылдар бойы маған сенім артып, қиындықтарға мойымай, ортақ идеяларымыз бен стратегиялық бастамаларымызды табандылықпен жүзеге асыруға өлшеусіз үлес қосқандарыңыз үшін баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін.
Бүгін мен бұл кемені зор мақтанышпен үлкен сапарға аттандырып отырмын. Алда тың жаңалықтар мен толағай табыстар, білімге құштар жас ұрпақтың жаңа буыны және халықаралық аренада Қазақстанның көк байрағын асқақтатар айтулы жетістіктер күтіп тұр!
Мен қандай да бір алып-қашпа әңгімелердің болуын қаламаймын, анығын айтар болсам, бұл сату-сатып алу шарты емес, сенімгерлік басқаруға өткізу немесе мәжбүрлі қадам да емес. Бұл - өтеусіз негізде, туған еліме деген сый! Елімнің өрендеуі, әлемдік биіктерді бағындыруда қосқан азаматтық үлесім деп білемін.
Қазақ ұлттық спорт университеті өсіп-өркендеп, даму мен кемелденудің жаңа белестерін бағындыра берсін! Осы білім ордасында тың бастамалар дүниеге келіп, берік достықтың іргесі қаланып, толағай жеңістерге жол ашылсын! Әрқайсыңыз өмірден өз жолдарыңызды тауып, болашақта «Мен - Қазақ ұлттық спорт университетінің түлегімін!» деп зор мақтанышпен айта алатын күнге жетіңіздер! Қадірлі достар, мерекелеріңіз құтты болсын! Қазақ ұлттық спорт университеті тарихындағы жаңа кезең құтты, қадамы нық, болашағы жарқын болсын!
