Негізгі мазмұнға өту
Жаңалықтар

Малайзияның жоғары білім министрі Қазақ ұлттық спорт университетіне келді

Барлық жаңалықтар

Малайзияның жоғары білім министрі Замбри Абдул Кадир бастаған делегация Қазақ ұлттық спорт университетіне арнайы келді. Сапар жоғары білім беру және академиялық ынтымақтастық бағытындағы халықаралық байланысты одан әрі нығайтуға бағытталды.

Малайзияның жоғары білім министрі Замбри Абдул Кадир және Малайзия университеттерінің ректорлары Қазақ ұлттық спорт университетінің инфрақұрылымымен және білім беру мүмкіндіктерімен танысты. Шетелдік делегация үшін университет бойынша арнайы экскурсия ұйымдастырылып, қонақтар спорттық, білім беру және ғылыми-зерттеу бағытындағы негізгі нысандарды аралады.

Кездесу барысында университеттің инновациялық жобалары таныстырылды. Олардың қатарында SMART TABLE TENNIS, AI Video Analytics for Wrestlers және Digital Biomechanics Lab жобалары бар. Сонымен қатар делегация Sport Analytics and Training, Kazakhstan Taekwondo Research & Development Center және High-Tech Golf Center ғылыми орталықтарының қызметімен танысты.

Аталған жобалар Қазақстандағы спорт ғылымын дамытуға, ғылыми деректер мен заманауи технологияларды пайдалана отырып, жоғары деңгейдегі спортшыларды даярлау үшін қажетті жағдай қалыптастыруға бағытталған.

Малайзиялық делегация университеттің заманауи материалдық-техникалық базасына, ғылыми-зерттеу әлеуеті мен инновациялық әзірлемелеріне жоғары баға берді. Қонақтар спорт, білім, ғылым және денсаулық сақтау салаларының өзара ықпалдастығын күшейтудің маңыздылығын атап өтті.

Малайзия делегациясының сапары Қазақстан мен Малайзия арасындағы жоғары білім беру саласындағы халықаралық байланыстың жаңа деңгейге көтеріліп келе жатқанын көрсетті. Бұған дейін университет ректоры Тұрсынзада Қуанғалиева университеттер форумына қатысты. Халықаралық жиынға жоғары оқу орындарының басшылары мен білім беру саласының өкілдері жиналып, жоғары білімді дамытудың өзекті мәселелерін, халықаралық байланыстарды нығайту және академиялық ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады.Форум жұмысына Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен Малайзияның жоғары білім министрі Замбри Абдул Кадир де қатысты.

Мұндай халықаралық алаңдарға қатысу ҚазҰСУ-дың шетелдік жоғары оқу орындарымен байланысын кеңейтуге, бірлескен білім беру және ғылыми жобаларды жүзеге асыруға, сондай-ақ студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлығын дамытуға жаңа мүмкіндіктер береді.

Бүгінде Қазақ ұлттық спорт университеті халықаралық ынтымақтастықты, инновацияны және спорт ғылымын дамытуға басымдық бере отырып, заманауи спорттық білім берудің жаңа моделін қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді.

Малайзияның жоғары білім министрі Қазақ ұлттық спорт университетіне келді | KNUS