«Орта, егде және зейнеткерлік жастағы адамдарға арналған дене шынықтыру бағдарламаларын әзірлеу және өткізу» тақырыбында біліктілікті арттыру курсы
Қазақ ұлттық спорт университетінде «Орта, егде және зейнеткерлік жастағы адамдарға арналған дене шынықтыру бағдарламаларын әзірлеу және өткізу» тақырыбында біліктілікті арттыру курсы өтті.
Аталған курс Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруы аясында 2025-2027 жылдарға арналған BR28713049 «Жасанды интеллект технологияларын пайдалана отырып, бұқаралық спортты ілгерілету арқылы орта және егде жастағы халықтың өмір сапасын жақсарту» ғылыми жобасы шеңберінде ұйымдастырылды
Курсқа университеттің білім алушылары мен профессор-оқытушылар құрамы қатысты. Оқу барысында орта, егде және зейнеткерлік жастағы адамдарға арналған қауіпсіз, ғылыми негізделген және дербестендірілген дене белсенділігі бағдарламаларын әзірлеуге қажетті практикалық білім мен дағдыларды қалыптастыруға басымдық берілді.
Бағдарламада жаттығу үдерісін бағдарламалаудың теориялық негіздері, дене шынықтыру құралдарын таңдаудың практикалық әдістері, жүктеме қарқындылығын реттеу тәсілдері, сондай-ақ қатысушылардың функционалдық жағдайын бақылау мәселелері қамтылды. Жүрек соғу жиілігін бақылау, RPE субъективті жүктеме шкаласын қолдану және қозғалыс белсенділігін цифрлық бақылау әдістеріне ерекше назар аударылды.
Курстың жалпы көлемі – 80 академиялық сағатты құрады, оның – 64 сағаты практикалық сабақтарға бөлінді. Қатысушылар жас ерекшеліктеріне байланысты анатомиялық-физиологиялық ерекшеліктерді, белсенді ұзақ өмір сүру қағидаттарын, сондай-ақ сабақтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жарақаттанудың алдын алу, өзін-өзі бақылау дағдыларын дамыту, дене шынықтырумен тұрақты айналысуға қызығушылық пен ішкі уәжді қалыптастыру тәсілдерін зерделеді.
Практикалық бөлім қатысушылардың жасын, дайындық деңгейін, функционалдық жағдайын және қажеттіліктерін ескере отырып, жеке және топтық бағдарламалар әзірлеуге арналды. Курстың қорытынды кезеңінде қатысушылар орта және егде жастағы адамдарға арналған жаттығу бағдарламаларының жобаларын ұсынып, таныстырды.
Курс аяқталғаннан кейін қатысушыларға сертификаттар табысталды. Оқу барысында бұқаралық спорт және сауықтыру дене шынықтыруы саласында қолданылатын ғылыми тәсілдер, практикалық дайындық және заманауи цифрлық құралдар өзара ұштастырылды.
