KNUS халықаралық ынтымақтастық аясын кеңейтуде: университетке Әзербайжан делегациясы келді
Қазақ ұлттық спорт университетіне Әзербайжан спорт академиясының делегациясы ресми сапармен келді. Делегация құрамында академиялық мәселелер жөніндегі проректор Улкар Бабаева, халықаралық ынтымақтастық және жобалар бөлімінің басшысы Гасан Ибрагимли, халықаралық рейтингтер жөніндегі үйлестіруші Наргиз Валиева және аға маман Сакина Бабаева бар.
Сапар аясында KNUS басшылығымен ресми кездесу өтіп, онда жоғары білім беру, спорт ғылымы мен спорт салаларындағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту мүмкіндіктері талқыланды. Тараптар академиялық ұтқырлықты дамыту, тәжірибе алмасу, бірлескен білім беру және ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асыру, сондай-ақ екі оқу орны арасындағы халықаралық академиялық байланысты нығайту мәселелеріне ерекше назар аударды.
Кездесу бағдарламасы университет кампусымен танысу экскурсиясымен жалғасты. Қонақтар оқу ғимараттарын, спорт нысандары мен ғылыми-зерттеу зертханаларын аралап, университеттің білім беру және ғылыми инфрақұрылымымен, материалдық-техникалық базасымен, сондай-ақ бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу мүмкіндіктерімен танысты.
Бұл сапар халықаралық әріптестікті нығайтуға, кәсіби тәжірибе алмасуға және спорттық білім мен ғылым саласындағы бірлескен бастамаларды жүзеге асыруға жол ашатын маңызды қадам болды.
