KNUS пен Шанхай спорт университеті спорт ғылымы мен жоғары деңгейдегі спортшылар даярлау бағытында ынтымақтастық орнатты
Қазақ ұлттық спорт университеті Қытай Халық Республикасындағы жетекші жоғары оқу орындарының бірі – Шанхай спорт университетінің (Shanghai University of Sport) делегациясын қабылдады. Делегацияны университет президенті, профессор Мао Лицзюань бастап келді. Құрамында бадминтоннан Олимпиада чемпионы Цай Юнь де болды.
Кездесу барысында тараптар жоғары білім беру және спорт саласындағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады. Атап айтқанда, академиялық алмасу бағдарламаларын жүзеге асыру, спорт ғылымы бағытында бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу, жоғары деңгейдегі спортшыларды даярлау, сондай-ақ күрес пен бокс салаларындағы өзара іс-қимылды дамыту мәселелеріне басымдық берілді.
Кездесу қорытындысы бойынша Қазақ ұлттық спорт университеті мен Шанхай спорт университеті арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Құжат екі жоғары оқу орны арасындағы серіктестікті жаңа деңгейге көтеруге, студенттер мен оқытушылардың, ғалымдар мен жаттықтырушылардың тәжірибе алмасуына, сондай-ақ спорт ғылымы мен білім беру саласындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Бұл бастама KNUS-тың халықаралық академиялық байланыстарын кеңейтіп, спорттық білім мен ғылым саласындағы озық тәжірибелерді енгізуге бағытталған маңызды қадам болып табылады.
