Негізгі мазмұнға өту
Жаңалықтар

KNUS пен Daegu Health College спорттық оңалту саласындағы ынтымақтастықты дамытады

Барлық жаңалықтар

Қазақ ұлттық спорт университеті Корея Республикасымен халықаралық байланысын нығайтып келеді. 11 қараша күні университетке денсаулық сақтау және оңалту саласына маманданған Daegu Health College делегациясы келді.

Кореялық делегация құрамында бес өкіл болды. Оларды Daegu Health College атқарушы вице-президенті Янг-Джун Ким бастап келді. Кездесуге сондай-ақ физикалық терапия профессорлары, халықаралық байланыстар мен академиялық бағытқа жауапты басшылар және еңбек терапиясы кафедрасының меңгерушісі қатысты.

Сапардың басты нәтижесі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылуы болды. Бұл құжат спорттық медицина, физикалық терапия және оңалту бағыттарындағы ұзақ мерзімді серіктестікке негіз қалайды.

Тараптар студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлығын дамыту, білім беру және клиникалық тәжірибе алмасу, бірлескен ғылыми зерттеулер мен білім беру іс-шараларын өткізу, спорттық оңалту бойынша ортақ білім беру бағдарламасын әзірлеу, клиникалық базаларда тағылымдамалар мен тәжірибелік сабақтар ұйымдастыру, сондай-ақ спортшыларды жарақаттан кейін қалпына келтірудің заманауи тәсілдерін енгізу жөнінде уағдаласты.

Кездесуде спорттық оңалту бойынша бірлескен бағдарлама әзірлеу мәселесіне ерекше назар аударылды. Осы бастама аясында KNUS-тың спорт саласындағы академиялық әлеуетін Daegu Health College-дің физикалық терапия, еңбек терапиясы және мейіргер ісі мамандарын даярлаудағы тәжірибесімен ұштастыру көзделіп отыр.

Daegu Health College-дің өз клиникалық базасы бар және оқу үдерісінде тәжірибелік даярлыққа басымдық береді. Бұл серіктестік университет студенттері мен оқытушыларына оңалтудың озық әдістерін меңгеруге, халықаралық зерттеулерге қатысуға және кәсіби тәжірибе алмасуға жаңа мүмкіндіктер ашады.

Кореялық делегацияның сапары Қазақстан мен Корея арасындағы білім, ғылым және спорттық медицина салаларындағы байланысты нығайтудың маңызды қадамы болды. Жаңа серіктестік халықаралық деңгейдегі мамандар даярлауға және спортшылардың денсаулығы мен еңбекке қабілетін қалпына келтіру жүйесін жетілдіруге үлес қоспақ.