KNUS пен Coursera: цифрлық білім беруді дамыту мен халықаралық ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктері
Бүгін Қазақ ұлттық спорт университетінде әлемдегі жетекші онлайн білім беру платформаларының бірі – Coursera компаниясының өкілдерімен кездесу өтті. Coursera компаниясының атынан Орталық Азия бойынша аға директоры Лариса Уиткрофт пен клиенттермен жұмыс жөніндегі директоры Вера Игнатьева қатысты. Сонымен қатар кездесуге Coursera платформасының Қазақстандағы жергілікті серіктесі өкілдері де қатысты.
Кездесу барысында Coursera өкілдері KNUS студенттерінің платформадағы білім беру курстарын меңгеру көрсеткіштеріне жоғары баға беріп, университетті қол жеткізген нәтижелерімен құттықтады. Айта кетейік, қазақстандық студенттер Coursera курстарына Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің арнайы жобасы аясында тегін қол жеткізу мүмкіндігіне ие болды.
Тараптар білім беру бағдарламаларына заманауи талаптарға сай әзірленген, мазмұны тұрақты түрде жаңартылып отыратын оқу материалдарын енгізудің маңыздылығын талқылады. Мұндай мазмұн білім алушыларға ғылым мен технологияның соңғы жетістіктерін меңгеруге, өзекті білім мен тәжірибелік дағдыларды игеруге мүмкіндік береді. Бұл – Coursera платформасының басты артықшылықтарының бірі.
Сонымен қатар профессор-оқытушылар құрамының кәсіби біліктілігін үздіксіз арттыру, жаңа білім мен құзыреттерді игеру, халықаралық білім беру ресурстарын оқу үдерісінде тиімді пайдалану мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Кездесу қорытындысы бойынша бірқатар бірлескен бастамаларды жүзеге асыру жөнінде алдын ала келісімдер жасалды. Атап айтқанда, KNUS мамандарының Coursera платформасына арналған алғашқы авторлық курсын әзірлеу, университеттің профессор-оқытушылар құрамына платформаның мүмкіндіктерін таныстыру мақсатында арнайы семинарлар өткізу және өзара ынтымақтастықтың басқа да бағыттарын дамыту көзделіп отыр.
Coursera компаниясымен әріптестік Қазақ ұлттық спорт университетінің білім беру үдерісін цифрландыруға, академиялық әлеуетін арттыруға және халықаралық білім беру кеңістігіндегі орнын нығайтуға жол ашады.
