Негізгі мазмұнға өту
Жаңалықтар

Қазақ ұлттық спорт университеті ЮНЕСКО клубы мәртебесіне ие болды

Барлық жаңалықтар

Қазақ ұлттық спорт университеті ресми түрде ЮНЕСКО клубы мәртебесін иеленді. Бұл университеттің халықаралық байланыстарын нығайтуға, білім, ғылым, спорт және тұрақты даму бағыттарындағы жаһандық бастамаларға белсенді араласуына жол ашатын маңызды қадам.

Аталған мәртебе халықаралық жобаларды жүзеге асыруға, академиялық және ғылыми ынтымақтастықты кеңейтуге, сондай-ақ білім мен спорт арқылы ЮНЕСКО құндылықтарын дәріптеуге және ұлттық мәдени мұраны сақтауға жаңа мүмкіндіктер береді.

Университеттің алдағы стратегиялық жоспарындағы маңызды бастамалардың бірі – KNUS базасында Спорттық білім беру, инклюзия және тұрақты даму жөніндегі ЮНЕСКО кафедрасын (UNESCO Chair in Sport Education, Inclusion and Sustainable Development) құру.

Жоспар бойынша кафедра отандық және шетелдік ғалымдар, оқытушылар, сарапшылар мен халықаралық серіктестердің басын қосатын ғылыми-білім беру орталығына айналмақ. Оның негізгі бағыттары – спорттық білім беруді дамыту, инклюзивті спортты ілгерілету, әйелдер көшбасшылығын қолдау, спорт дипломатиясын дамыту, ұлттық мәдени мұраны сақтау және спорт арқылы халықтың өмір сапасын арттыру.

Сонымен қатар халықаралық ғылыми зерттеулер жүргізуге, озық тәжірибелермен алмасуға және баршаға қолжетімді, тұрақты спорт ортасын қалыптастыруға бағытталған білім беру бастамаларын жүзеге асыруға басымдық беріледі.

Осылайша, университет спорт саласына мамандар даярлайтын жоғары оқу орны ретіндегі қызметін халықаралық ғылыми-білім беру ынтымақтастығымен ұштастырып, Орталық Азиядағы спорттық білім мен ғылымның жетекші орталықтарының біріне айналу бағытын жалғастырып келеді.

ЮНЕСКО клубы мәртебесін иелену және арнайы кафедра құру бастамасы университеттің халықаралық білім және ғылым кеңістігіне ықпалдасуына бағытталған ұзақ мерзімді даму стратегиясының маңызды бөлігі болмақ.

Қазақ ұлттық спорт университеті ЮНЕСКО клубы мәртебесіне ие болды | KNUS