«Достық тамыры»: ынтымақтастық нышаны
Нәтижесі бірден көрінетін бастамалар бар. Ал жемісі жылдар бойы жайқалып, келер ұрпаққа сая болатын игі істер де болады. Қазақ ұлттық спорт университеті мен Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті бірлесіп ұйымдастырған «Достық тамыры» ағаш отырғызу акциясы — осындай мәні терең бастамалардың бірі. Іс-шара «Таза Қазақстан» жалпыұлттық қозғалысы аясында жүзеге асырылды.
Қазақ ұлттық спорт университетінің аумағында өткен ағаш отырғызу акциясына екі жоғары оқу орнының профессор-оқытушылар құрамы, қызметкерлері мен студенттері қатысып, ортақ іске жұмылды.
Бастама аясында Еуразия ұлттық университеті KNUS-ке 150-ге жуық ағаш көшетін табыстады. Оның бір бөлігі екі университет өкілдерінің бірлескен еңбегімен оқу орнының аумағына отырғызылды. Алдағы уақытта аумақты көгалдандыру жұмыстары жалғасын табады.
«Таза Қазақстан» — Қазақстан Республикасы Президентінің бастамасымен қолға алынған жалпыұлттық қозғалыс. Оның мәні қоршаған ортаны таза ұстаумен ғана шектелмейді. Тазалық адамның жүрегінен, ниеті мен іс-әрекетінен басталады. Туған жерге жанашырлық таныту, табиғатты аялау және қоғам игілігі үшін еңбек ету — отансүйгіштіктің нақты көрінісі.
Қазақ ұлттық спорт университетінің жастары да осы бастаманы қолдап, ел болашағына деген жауапкершілігін нақты істерімен көрсетіп келеді. Осы ретте Университеттің құрылтайшысы Нұрасыл Медеу жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік құндылықтарды қалыптастыруға, азаматтық жауапкершілігін арттыруға және қоғам игілігіне бағытталған бастамаларға белсенді қатысуына ерекше мән береді.
KNUS үшін мұндай бастамалар университет аумағын көгалдандырумен ғана шектелмейді. Бұл жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастықты нығайтудың, әріптестік байланыстарды дамытудың және студенттер мен оқытушылар үшін қолайлы білім беру ортасын қалыптастырудың маңызды қадамы.
Бірлескен акция бастамашыларының бірі — педагогика саласының ардагері, медицина ғылымдарының докторы Нэля Лұқпанқызы Шапекова. Ғұмырын ұрпақ тәрбиесі мен ағартушылық іске арнаған тұлғаның бұл бастамаға жетекшілік етуі оның маңызын арттыра түседі. Игі іс табиғатқа қамқорлық танытумен қатар, ұстаздық өнегені, азаматтық жауапкершілікті және қоғамға қызмет ету құндылықтарын дәріптейді.
«Достық тамыры» — экологиялық бастама ғана емес, нақты істер арқылы көрініс табатын отансүйгіштіктің үлгісі. Отанға деген сүйіспеншілік туған жерге жанашырлықпен қараудан, табиғатты аялаудан және елдің дамуына үлес қосуға деген ұмтылыстан басталады. Ағаш отырғызу арқылы акцияға қатысушылар патриотизмнің құр сөзбен емес, елдің бүгіні мен болашағы үшін жасалған игі істермен өлшенетінін көрсетеді.
