Негізгі мазмұнға өту
Жаңалықтар

Қазақ ұлттық спорт университетінде "Ашық есік күні" өтті

Барлық жаңалықтар

Қазақ ұлттық спорт университетінде болашақ талапкерлер мен олардың ата-аналарына арналған Ашық есік күні өтті. Іс-шараға 300-ден астам адам қатысты.

Университет қонақтарының қатарында Zialy Urpaq, UBES және BINOM мектептерінің, лицейлер мен гимназиялардың, ҚазУТБ колледжінің, сондай-ақ Павлодар және Қарағанды қалаларындағы білім беру ұйымдарының оқушылары болды. Ашық есік күні барысында қатысушылар KNUS-тің білім беру бағдарламаларымен, оқу және спорт инфрақұрылымымен, кампустарымен және студенттерге жасалған мүмкіндіктермен танысты. Болашақ талапкерлерге оқуға түсу талаптары, білім беру бағдарламаларын таңдау және университеттегі оқу үдерісі туралы ақпарат берілді.

Бағдарламаның маңызды бөлігі шақырылған спикерлердің талапкерлер үшін өзекті тақырыптарға арналған дәрістері болды. Оразбек Әбсаттар Сералыұлы «Қазақстан тарихынан 20 ұпайдың 20-сын алуға мүмкіндік беретін дайындық жүйесі» тақырыбында сөз сөйлеп, емтиханға тиімді дайындалудың тәсілдерін таныстырды. Ал Қуандық Жасұлан Бостандықұлы «Дағды білімнен де маңызды» тақырыбындағы дәрісінде жастардың кәсіби және тұлғалық дамуы үшін қажетті дағдыларға тоқталды. Сөз кезегінде Измахан Толқын Серікқызы «Қазақстандағы грант жүйесі: түрлері мен мүмкіндіктері» тақырыбында білім гранттарының түрлері, оларды иелену шарттары және талапкерлерге берілетін мүмкіндіктер туралы баяндады. Спикерлер практикалық тәжірибелерімен бөлісіп, емтиханға дайындалу, маңызды дағдыларды дамыту және білім грантын иелену жөнінде пайдалы кеңестер берді. Қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алып, болашақ білім бағытын айқындауға қажетті ақпаратпен танысты.

Ашық есік күні талапкерлерге KNUS ортасын жақынырақ танып, университет ұсынатын білім беру мүмкіндіктерін бағалауға және саналы кәсіби таңдау жасауға мүмкіндік берді.