Астана әлемдік білім көшбасшыларын тоғыстырды: стратегиялық серіктестер форумы басталды
Астанада Қазақ ұлттық спорт университетінің базасында III Халықаралық стратегиялық серіктестер форумы өтіп жатыр. Халықаралық деңгейдегі ауқымды іс-шара әлемнің жетекші университеттері, білім беру платформалары мен беделді ұйымдарының өкілдерін бір алаңға жинады. Форумның ашылу салтанатында Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек сөз сөйлеп, еліміздің жоғары білім беру жүйесіндегі негізгі басымдықтар мен стратегиялық даму бағыттарына тоқталды.
Форум бағдарламасы халықаралық білім беру, университетаралық ынтымақтастық, ғылыми зерттеулер мен инновациялар, цифрлық оқыту және жоғары білімнің болашағы секілді өзекті тақырыптарды қамтиды. Қатысушылар жаһандық академиялық байланысты нығайту, бірлескен жобаларды жүзеге асыру және білім беру саласында жаңа серіктестіктер қалыптастыру мүмкіндіктерін талқылауда. Халықаралық спикерлер қатарында Coventry University Kazakhstan президенті және вице-канцлері Мирас Дәуленов, Coursera және Udemy компанияларының мемлекеттік сектормен жұмыс жөніндегі жаһандық вице-президенті Марк Ист, Шанхай ынтымақтастық ұйымы Бас хатшысының орынбасары Пяо Яньфань, TUM International бас директоры Фридерике Хеттингер және Times Higher Education бас директоры Джон Гилл бар.
III Халықаралық стратегиялық серіктестер форумы тәжірибе алмасуға ғана емес, Қазақстанның әлемдік білім және ғылым кеңістігіндегі орнын нығайтуға бағытталған маңызды диалог алаңына айналды. Форум аясындағы кездесулер мен пікірталастар жаңа академиялық бастамаларға, бірлескен зерттеулерге және ұзақмерзімді халықаралық серіктестіктерге жол ашпақ.
