Негізгі мазмұнға өту
Чемпиондар

Әлем чемпионатының қола жүлдегерлері Қазақ ұлттық спорт университетінде тегін білім алады

Барлық жаңалықтар

FIDE World University Team Chess Championship-2026 студенттер арасындағы әлем чемпионатында қола медаль иеленген Қазақ ұлттық спорт университетінің шахматшылары құрылтайшының Merit грантына ие болып, оқуын тегін жалғастыратын болды.

Әлемнің 16 мықты университеті қатысқан халықаралық додада үздік нәтиже көрсеткен Қазыбек Нөгербек, Меруерт Камалиденова және Әлішер Мажкеновке бүгін құрылтайшының Merit гранты салтанатты түрде табысталды. Бұл халықаралық аренада жоғары нәтиже көрсеткен студенттерді қолдауға бағытталған бастама. Аталған грант спорттағы және білімдегі жетістігімен ерекшеленген талантты студенттерге беріледі.

«Біз үшін студенттің спорттағы жетістігі мен сапалы білім алуы қатар жүруі маңызды. Әлемдік деңгейдегі жарыстарда университет пен ел намысын қорғаған спортшыларды қолдау - біздің басты міндеттеріміздің бірі. Біз талантты жастарға тек бүгінгі жетістігі үшін ғана емес, олардың болашақтағы кәсіби дамуына да мүмкіндік береміз», – деді Қазақ ұлттық спорт университетінің ректоры Тұрсынзада Қуанғалиева.

Оқу гранты спортшылардың әлем чемпионатындағы тарихи нәтижесінен кейін табысталып отыр. Атап өткен жөн, Алматыда өткен алғашқы FIDE World University Team Chess Championship-2026 турнирінде KNUS командасы әлемнің жетекші университеттерімен қатар сынға түсіп, қола жүлдеге ие болған еді. Команда құрамында халықаралық аренада жоғары нәтижелер көрсетіп жүрген тәжірибелі шахматшылар Қазыбек Ногербек, Сәтбек Ахмединов, Арыстан Исанжұлов, Меруерт Камалиденова және Әлішер Мажкенов өнер көрсетті. Команданың бас жаттықтырушысы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Ержан Шакенов.

Қазыбек Нөгербек үшін бұл жеңіс пен грантты қатар иелену – спорттық мансап пен білімді ұштастырудың нақты мысалы.

«Біз үшін чемпионаттағы әр партия өте маңызды болды. Әлемнің мықты университеттерімен ойнап, өз деңгейімізді сынадық. Қола жүлде команданың ортақ еңбегінің нәтижесі. Ал университеттің бізге осындай қолдау көрсетуі алдағы жарыстарға дайындалуға үлкен мотивация береді», – деді Қазыбек Нөгербек.

Бұл жетістік университет үшін ғана емес, Қазақстанның университеттік шахматы үшін де маңызды белес. Әлемнің жетекші жоғары оқу орындары бас қосқан алғашқы жаһандық университеттік командалық чемпионатта үздік үштіктен көріну - отандық шахматтың әлеуеті жоғары екенін тағы бір мәрте көрсетті. Қазақстанда жоғары білім беру жүйесі шахматты дамытуға және осы бағытта кәсіби мамандар даярлауға маңызды үлес қосып келеді. Қазақ ұлттық спорт университеті аталған бағыттағы маңызды білім беру орталықтарының бірі. Шахмат пен тоғызқұмалақты дамыту бағдарламасы аясында университет Қазақстанда шахмат және тоғызқұмалақ бойынша педагог-жаттықтырушылар даярлайтын алғашқы әрі жалғыз жоғары оқу орны болып табылады.

Ақпарат үшін (ойыншылар мен турнир барысы туралы)

KNUS құрама командасының мүшелері:

Ержан Шакенов - команданың капитаны әрі жаттықтырушысы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Қазақ ұлттық спорт университетінің құрметті профессоры.

Қазыбек Ногербек - гроссмейстер, 20 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионы, 2025 жылғы Қазақстан Республикасының ерлер арасындағы чемпионы. 10, 16, 18 және 20 жасқа дейінгі санаттарда Қазақстанның төрт дүркін абсолютті чемпионы. 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы классикалық шахматтан әлем чемпионатының күміс жүлдегері. Қазақстан ұлттық құрамасы сапында шахмат олимпиадасына екі рет қатысқан.

Сәтбек Ахмединов - халықаралық дәрежедегі шебер (IM), Қазақстан Республикасының спорт шебері, классикалық шахмат, рапид және блиц бойынша әртүрлі жас санаттарында Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы. 2024 жылы блицтен 18 жасқа дейінгі Азия чемпионы атанып, классикалық шахматтан күміс жүлдеге ие болды. Сол жылы Шри-Ланканың Коломбо қаласында 20 жасқа дейінгі Батыс Азия чемпионатында блицтен чемпион атанып, классикалық шахмат пен рапидтен күміс медаль жеңіп алды. 2025 жылы ерлер арасындағы Азия аймақтық чемпионатында екінші орын алып, Үндістанның Гоа қаласында өткен әлем кубогына қатысты.

Арыстан Исанжұлов - халықаралық дәрежедегі шебер (IM). 2023 жылы ерлер арасындағы блицтен Азия чемпионы және Қазақстан чемпионы атанды. Сол жылы 20 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы блицтен әлем чемпионатының қола жүлдесін иеленді. 2018 жылы 15 жасқа дейінгі мектеп оқушылары арасында әлем чемпионы атанды. 2025 жылдан бастап KNUS-та үстел үсті спорт түрлері бойынша педагог-жаттықтырушылар даярлау білім беру бағдарламасында білім алуда.

Меруерт Камалиденова - қыздар арасындағы халықаралық шебер (WIM), 2019 жылғы жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионы, 2021 жылғы Қазақстан Республикасының әйелдер арасындағы чемпионы. 2021 жылы Ригада өткен FIDE Grand Swiss әйелдер турнирінде 31-орын алды. Қазақстан ұлттық құрамасы сапында командалық әлем чемпионатының ширек финалына дейін жетіп, жеке есепте үшінші тақтада қола медаль жеңіп алды.

Әлішер Мажкенов - 2024 жылы Астана құрамасы сапында Қазақстан чемпионы атанған, классикалық шахматтан Астана қаласының ерлер арасындағы чемпионы. 2023 жылғы классикалық шахматтан Қазақстан чемпионатының жасөспірімдер арасындағы қола жүлдегері және 2022 жылғы «Winter Cup» республикалық турнирінің жеңімпазы.

KNUS құрама командасы ел ішіндегі іріктеу кезеңінен сәтті өтіп, жарыстың финалдық кезеңіне қатысу құқығына ие болды. Топтық кезеңде 16 команда төрт топқа бөлінді. KNUS алты кездесу өткізіп, бес жеңіс пен бір тең нәтижеге қол жеткізді. Бұл нәтиже университет командасына плей-офф кезеңіне сенімді түрде жолдама алуға мүмкіндік берді.

Ширек финалда KNUS құрамасы Грекия университеттерінің бірінің командасымен кездесті. Алғашқы кездесу 2:2 есебімен тең аяқталса, қарымта матчта қазақстандық шахматшылар 3:1 есебімен сенімді жеңіске жетті. Екі матчтың қорытындысы бойынша KNUS жартылай финалға жолдама алды.

Жартылай финалда университет командасының қарсыласы «Урал» командасы болды. Алғашқы кездесу 2:2 есебімен тең аяқталды. Екінші матчта қарсылас 3:1 есебімен басым түсіп, финалға өтті. Ал KNUS қола медаль үшін күресті жалғастырды.

Үшінші орын үшін өткен матч турнирдегі ең тартысты әрі драмалық кездесулердің біріне айналды. Алғашқы матчта KNUS 1,5:2,5 есебімен жеңіліс тапты. Алайда екінші кездесуде команда таразы басын теңестіріп, 2,5:1,5 есебімен жеңіске жетті.

Екінші матчтағы шешуші сәттердің бірі бірінші тақтадағы партия болды. Онда гроссмейстер Қазыбек Ногербек өнер көрсетті. Ең жауапты сәтте шахматшы сабырлылық пен жоғары шеберлік танытып, күрделі позицияны сақтап, маңызды тең нәтижеге қол жеткізді. Осылайша, екі матчтың жалпы есебі теңесіп, қола жүлденің тағдыры қосымша блиц сериясында — тай-брейкте шешілетін болды.

Блицтегі тай-брейктің үш партиясынан кейін есеп тағы да 2:2 болып теңесті. Осы сәтте матч тағдырын анықтайтын шешуші кезең — «Армагеддон» басталды. Бұл кезеңде бүкіл кездесудің нәтижесі бір ғана партияға байланысты болды.

Шешуші мүмкіндіктің кімге бұйыратыны жеребе арқылы анықталды. Команда капитаны №1 нөмірді суырды. Бұл матч жеңімпазын бірінші тақтадағы ойыншылардың партиясы анықтайды деген сөз. Осындай аса жауапты сәтте команда сенім артқан ойыншы Қазыбек Ногербек шахмат тақтасына отырды. Гроссмейстер орасан зор психологиялық қысымды сабырмен еңсеріп, нағыз чемпиондық мінез танытты. Шешуші партияда қарсыласынан басым түсіп, жеңіске қол жеткізді. Осылайша, KNUS студенттері қосымша кезеңде жоғары шеберлігін, психологиялық тұрақтылығын және нағыз командалық рухын тағы бір мәрте дәлелдеп, қарсыласынан басым түсті. Нәтижесінде Қазақ ұлттық спорт университетінің құрама командасы алғашқы FIDE World University Team Chess Championship-2026 халықаралық турнирінің қола жүлдегері атанды.