Негізгі мазмұнға өту
Жаңалықтар

Ай сайын 100 мың теңге және шетелде бір семестр оқу: Қазақ ұлттық спорт университеті жаңа оқу жылын жаңа мүмкіндіктермен бастады

Барлық жаңалықтар

Қазақ ұлттық спорт университетінде жаңа оқу жылы басталды. 2026–2027 оқу жылында университетте 4824 студент білім алады. Биыл 2400-ден астам жас спорт саласында білім алуды таңдады. Олардың арасында «Алтын белгі» иегерлері, халықаралық және республикалық жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері, спорт шеберлері және спорт шеберлігіне үміткерлер бар. Дегенмен биылғы Білім күнінің басты жаңалығы – қабылдау науқанының нәтижелері емес, талантты жастарға беріліп отырған жаңа мүмкіндіктер болды.

1 қыркүйекте Қазақ ұлттық спорт университетінде Білім күніне және жаңа оқу жылының басталуына арналған салтанатты іс-шара өтті. Биыл бакалавриат бағдарламасына 2415 студент, магистратураға – 619, докторантураға онға жуық адам қабылданды. Осылайша, 2026–2027 оқу жылында университетте барлығы 4824 студент білім алады. Бірінші курс студенттерінің қатарында халықаралық және республикалық аренада өздерін танытып үлгерген жас спортшылар, спорттық атақтарға ие болғандар, жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері, сондай-ақ «Алтын белгі» иегерлері бар.

Сондай-ақ салтанатты шарада Құрылтайшының арнайы қолдау бағдарламасының нәтижесінде университетте білім алу мүмкіндігіне ие болған студенттерге ерекше назар аударылды. Білім күні 9 студентке Life Chance Grant, тағы 40-қа жуық студентке Merit Grant табысталды. Құрылтайшының гранттық бағдарламасы университет құрылған сәттен бастап жүзеге асырылып келеді және спорттық білім мен Қазақстанның спорт саласын дамытуға бағытталған.

Life Chance Grant – ең алдымен өңірлер мен ауылдық жерлерден шыққан талантты түлектерге бағытталған әлеуметтік грант. Оның мақсаты – жастарға сапалы жоғары білім алуға және өз әлеуетін толық ашуға мүмкіндік беру. Грант шеңберінде оқу ақысы толық өтеліп, студенттер кампуста тұрады және ай сайын 100 мың теңге көлемінде шәкіртақы алады. Үш жыл бойы Life Chance Grant иегерлерінің әрқайсысы жеке ментормен жұмыс істеу мүмкіндігіне ие болады. Тәлімгерлер студенттерге жеке білім беру траекториясын қалыптастыруға, кәсіби және көшбасшылық құзыреттерін дамытуға, сондай-ақ болашақ мансабына дайындалуға көмектеседі. Бағдарламаның тағы бір маңызды мүмкіндігі – академиялық ұтқырлық. Үшінші курста грант иегерлері шетелде бір семестр білім ала алады.

Екінші бағдарлама – Merit Grant. Ол жоғары нәтижелер көрсеткен және одан әрі даму үшін жоғары әлеуеті бар талапкерлерге арналған. Грант Қазақ ұлттық спорт университетіндегі оқу ақысын толық өтеуге мүмкіндік береді және талантты жастардың спорт саласында кәсіби дамуына жағдай жасайды.

Жаңа оқу жылының басталуымен құттықтаған Қазақ ұлттық спорт университетінің ректоры Тұрсынзада Қуанғалиева университеттің басты ресурсы оның студенттері екенін атап өтті.

«Нағыз университетті инфрақұрылым мен ғимараттар емес, студенттер қалыптастырады. Қазақ ұлттық спорт университетін таңдағандарыңыз үшін рақмет. Араларыңызда әлем чемпионаттарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері бар. Бұл – біз үшін үлкен мақтаныш әрі үлкен жауапкершілік», – деді ректор.

Бүгінгі таңда KNUS-те болашақ спортшылар мен жаттықтырушылар ғана емес, спорт саласының түрлі бағыттары бойынша мамандар даярланады. Университетте «Дене тәрбиесі және спорт», «Қазақ күресі бойынша педагог-жаттықтырушы», «Киберспорт», «Жаттықтыру қызметі», «Спорт және сауықтыру саласындағы нұсқаушы-әдіскер», «Спорттық оңалту», «Спорт индустриясын басқару және деректер аналитикасы», «Спорт менеджменті» сияқты білім беру бағдарламалары бар.

Университеттегі студенттік өмір сабақпен ғана шектелмейді. Мұнда Дебат клубы, Өнер орталығы және басқа да студенттік ұйымдар мен шығармашылық ұжымдар жұмыс істейді.

Білім күніне орай бірінші курс студенттеріне университеттің оқу ғимараттары мен инфрақұрылымы таныстырылды. Жалпы аумағы 35 785 шаршы метр болатын Студенттер үйі 1500 студентке арналған және 626 бөлмеден тұрады. Әр бөлмеде екі-үш студенттің тұруына жағдай жасалған. Бөлмелер жеке киім шкафтары, душ және санитарлық тораптармен жабдықталған. Сонымен қатар ғимаратта асүй, компьютерлік сынып, кітапхана, кір жуатын орын және лифт бар. Мұның барлығы студенттердің жайлы тұрып, білім алуына қажетті жағдай жасауға бағытталған.

Ректордың айтуынша, заманауи университеттің деңгейін тек ғимараттары мен инфрақұрылымына қарап бағалауға болмайды.

«Жаңа оқу жылына дайындық тек инфрақұрылыммен өлшенбейді. Біз үшін ең бастысы – білім сапасы, студенттердің жетістіктері және университеттің халықаралық деңгейде дамуы. Бүгінде Қазақ ұлттық спорт университеті білім, ғылым, инновация және жоғары жетістіктер спортын бір арнаға тоғыстырып отыр. Біздің мақсатымыз – әр студентке өз мүмкіндігін толық пайдалануға жағдай жасау. Ал мүмкіндік бар жерде нәтиже де, жеңіс те болады», – деді Тұрсынзада Қуанғалиева.

Осылайша Қазақ ұлттық спорт университеті жаңа оқу жылын студенттердің білім алып, кәсіби тұрғыдан қалыптасуына мүмкіндік беретін жаңа жағдайлармен бастады. Гранттық қолдау, тәлімгерлік, халықаралық тәжірибе және кәсіби даму мүмкіндіктері – студенттердің болашағына жасалған маңызды қадамдардың бірі.

Ай сайын 100 мың теңге және шетелде бір семестр оқу: Қазақ ұлттық спорт университеті жаңа оқу жылын жаңа мүмкіндіктермен бастады | KNUS